Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар білім беру нысандарын аралады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына ерекше назар аударып, көңіл бөлді.
Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі — өңірдегі шежірелі оқу орындарының бірі. Бұл оқу орнында болашақ қолөнершілер, қыш шеберлері, зергерлер, IT мамандары даярланады. Колледж қабырғасында студенттер 11 мамандық, 13 біліктілік бойынша білім алады. Министр ұжыммен кездесуде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа форматта дамытуға қатысты негізгі міндеттемелерді атап өтті. Ғани Бейсембаевтың сөзінше биылдан бастап колледждерге жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге артады. Бұл — оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, сондай-ақ педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге жол ашады. Сондай-ақ минстрлік колледждердің оқу-өндірістік базасында өндірілген өнімдерді нарыққа шығарып, табыс табу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Түскен қаржы оқу орнының дамуына бағытталады. Министр сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №33 мектепке арнайы барып, оқу барысымен танысты. Өңірде 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір оның 13-і жұмыс істеп тұр. Министр педагогикалық құрам мен оқу процесін ұйымдастыру сапасын күшейтуді тапсырды. Айта кетейік, өңірде 50 колледж, 1100-ден астам мектеп пен 1426 балабақша қызмет көрсетеді. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, агрохимия, лифт шаруашылығы, ұшу аппараттарының операторы, жылыжай шаруашылығы секілді жаңа 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынған.