Рухани шаһарда дәстүрге айналған «Сырлы би толқыны» қалалық бишілер байқауы өз мәресіне жетті. Биыл бұл іс-шара 17-рет өткізілді. Байқау Түркістанның ерекше мәртебесі аясында ұйымдастырылып, жастар арасында би өнерін дәріптеуді көздеді.


Байқауға 6-18 жас аралығындағы 15 би тобы қатысып, қазақ ұлттық биі мен әлем халықтарының билерін орындады. Қазылар алқасының құрамында тәжірибелі хореографтар болды. Олар әр қатысушының би орындау шеберлігі мен сахнадағы ұтқырлығын жоғары бағалады.


Кіші топ бойынша бас жүлдені «Айтұмар» би тобы, ал үлкен топта «Special dance» би тобы жеңіп алды. Байқау барысында ерекше көзге түскен топтар «Шара Жиенқұлова атындағы жүлде», «Көркем орындау шеберлігі» және «Көрермен көзайымы» сияқты арнайы номинациялармен марапатталды.


 Іс-шара қатысушылар мен көрермендер үшін нағыз өнер мерекесіне айналып, барлығы көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл байқаудың жастарды ұлттық мәдениетке баулып, би өнеріне қызығушылығын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.