Шымкентте ерекше байқау өтті. Бұл жолы әдеттегідей оқушылар емес, ұстаздар сайысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері білім беру методикасында пайдаланатын инновациялық жобаларын ұсынды. Ахмет Байтұрсынов атындағы байқауға әр мектептен 25-50 жас аралығындағы ұстаздар бақ сынады.
Дәстүрлі байқаудың кезекті санында орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен дәріс беретін ұстаздар да қатысты. 10-ға тарта маман бақ сынаған сайыста негізінен мұғалімдердің заманауи біліктілігі сынға түсті.
ГҮЛМИРА ЖАНЫСБЕКОВА, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
--- Қазіргі таңда сабақ барысында осы мұғалімдер инновациялық жобаларды пайдалана ма? Қалай таң қалдыра алады деген осы қағидаларға мән беріп отырмыз.
Байқау бір жағынан ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік бергендей. Олар өздерінің қысқа уақытқа шақталған сабақ жоспарларын дайындап келген. 3 кезеңнен тұратын сайыста олар жан-жақты шыңдалып, тәжірибе алмасты.
АМАНГҮЛ РАМБЕРДИЕВА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
--- Мен өзімнің сабақ жоспарымды дайындап келдім. Сайысқа қатысып жатқан мақсатым менің осы жерден бір нәрсе болса да түйіп қайтсам деп отырмын. Қазірдің өзінде 7-8 мұғалім шығып қойды, мен солардың методикасын үйреніп отырмын. Өзіме керегін түртіп отырмын.
Тілдерді дамыту саясаты аясында ұстаздар арасында өткізілген байқау – білім беру саласындағы заманауи әдістер мен инновациялық жобаларды анықтауға және насихаттауға бағытталған маңызды іс-шара. Бұл тіл үйрету процесіндегі үздік тәжірибелерді таратуға мүмкіндік берді.