Шымкентте жас ғалымдар мен студенттердің ІІІ Халықаралық форумы басталды. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ұйымдастырған шараға алыс-жақын шетелдерден келген ғылым өкілдері қатысты.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ

Бұл форум – ғылым мен білім саласындағы жастардың жаңа серпіні. Мұнда жас зерттеушілер өз идеяларын ұсынумен қатар, тәжірибе алмасып, инновациялық жобалар арқылы ғылымның дамуына үлес қосуды көздейді. Үш күнге жалғасатын форумда қатысушылар өз зерттеу еңбектерін таныстырады.


Басқосуда биомедицина, клиникалық зерттеулер мен фармацевтикалық инновациялар бойынша баяндамалар тыңдалды. Форумға Ресей Федерациясынан келген профессор Керим Мутиг те қатысып, бүйрек ауруларын ерте диагностикалау бағытындағы ізденістерімен бөлісті.


 КЕРИМ МУТИГ, И.М. СЕЧЕНОВ АТЫНДАҒЫ БІРІНШІ МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ

Мен бүйрек ауруларын зерттеумен айналысамын. Қазір ерте анықтау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Алдағы жылдары осы бағыттағы толық диагностикалық жүйені жасап шығу жоспарымыз бар.


Форум аясында сарапшылар заманауи медицинаның даму үрдістерін талқылап, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жайын сөз етті.


 ЕРБОЛ СӘЛІМ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОРЕКТОРЫ

Форум үш күнге жоспарланған. Бірінші кезең — хирургиялық олимпиада. Оған Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Германия, Үндістан, Пәкістан және өзге де елдерден 17 команда қатысып жатыр.


 Сондай-ақ форум аясында Start-Up жобалар байқауы ұйымдастырылды. Жарыс жас ғалымдардың кәсіби шеберлігін арттыруға және медициналық тәжірибені жетілдіруге бағытталған.


МЕРЕЙ АСҚАР, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫНЫҢ СТУДЕНТТІК РЕКТОРЫ

Стартап жобалар байқауына 14 студент қатысып жатыр. Бірі онлайн қорғауда. Үздік үш жобаға 500 мың теңге көлемінде сыйақы бөлінді.


Дәстүрлі түрде өтетін форум халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, медицина саласындағы зерттеулердің дамуына серпін бермек.