Биыл ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына – 30 жыл. Ал, 19 қазан – Құтқарушылар күні. Қос мерекеге Шымкентте кең көлемде атап өтілді. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау ардагерлері, сала қызметкерлері мен құрметті қонақтар қатысты. Іс-шара барысында төтенше жағдайлар саласында адал қызмет етіп жүрген мамандар марапатталып, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.


Шымкент қаласы – өнеркәсібі мен халқы тығыз орналасқан мегаполис болғандықтан, мұндағы төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы айрықша маңызға ие. Соңғы жылдары қалада жаңа өрт сөндіру бөлімдері ашылып, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік беруде.


Мерекелік бағдарлама аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың заманауи техникасы мен құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде келушілер арнайы көліктердің, роботталған құрылғылардың және құтқару жабдықтарының жаңа үлгілерін тамашалады.


Төтенше жағдайлар қызметінің тарихы – ерлік пен адалдықтың тарихы. Уақыт талабына сай жаңарып, цифрлық жүйеге бет бұрған бұл құрылым бүгінгі таңда жоғары технология мен адам ерлігінің үйлесімін паш етуде. 30 жылдық белес – тек өткен жолды еске алу емес, алдағы биік мақсаттарға жетелейтін жаңа кезеңнің бастауы.