Түркістанда жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған кеңейтілген кездесу өтті. Жиынға ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысты. Басқосуда экономикалық саясат, бизнесті қолдау және салық жүйесін жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.


 Жаңа кодексте салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар негізгі өзгерістер қарастырылған. Олардың ішінде: салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту; салықтардың санын 20%-ға азайту; салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру; дифференциалды ставкаларды енгізу; инвестициялық белсенділікті ынталандыру; сән-салтанат заттарына салық жүктемесін арттыру; және басқа да өзекті міндеттер қаралған.


САМАТ КӨШКІНБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Кәсіпкерлікті қолдауға қазір жан-жақты көңіл бөлінуде. Салықтық жеңілдіктердің қатарында біз кәсіпкерлерге инфрақұрылым жеткізу, дайын жер учаскелерін беру және қаржылай қолдау көрсету сияқты жүйелі шаралар қабылдаудамыз. Бұл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.


Жиын соңында кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, толық жауаптарын алды. Өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар орталыққа жеткізілді. ҚР Қаржы вице-министрі бизнес өкілдерінің сұраныстары штаб отырысында қаралатынын айтып, орталық пен жергілікті билік органдарының бірлескен жұмысы жалғасатынын атап өтті.