Қала әкімі «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды. Бұл орталық зейнеткерлерге арналған қысқа мерзімді сауықтыру және оңалту демалысын ұйымдастыруға бағытталған. Алғашында мекеме 70 адамға есептелген еді. Ал қазір мұнда бір мезетте 120-ға дейін зейнеткер демала алады. Ардагерлерге медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ғабит Сыздықбековтың кезекті қала аралауы тілші бейнематериалында.
Шаһар басшысы Еңбекші ауданындағы К.Тіленшин көшесінде салынып жатқан автокөлік өткелінің құрылыс барысымен танысты. Жобаның негізгі мақсаты – теміржол өткелінен қауіпсіз өтуге жағдай жасау және көлік қозғалысының жүктемесін азайту. Мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында гофрленген қағаз бен картон өндіретін «Shymkent Qagazy» ЖШС-ға барды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна өнімге жетеді. Мұнда 25 адам еңбек етеді. Сондай-ақ сүзгіш, аэрозольге қарсы және өнеркәсіптік респираторлар шығаратын «Ultra Technology» ЖШС цехтарын аралады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – шамамен 10 миллион бұйым, онда 40-тан астам адам жұмыс істейді.
ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУХАНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Ал Әл-Фараби ауданында қалалық инфекциялық аурухананың күрделі жөндеу барысын тексерді. Барлық құрылыс толық аяқталғаннан кейін нысан өз жұмысын бастайды. Бұл тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырып, келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қалалық жасөспірімдер кітапханасының қасбеттік бөлігіне жүргізілген күрделі жөндеу нәтижесімен танысты. Жаңғыртудан кейін ғимараттың сыртқы келбеті жаңарып, айналасы абаттандырылды. Шағын сәулет нысандары, жарық шамдар, көгал мен орындықтар орнатылды.