Бүгінгі мектеп - тек білім ордасы ғана емес, болашақ мамандардың алғашқы қадамы басталатын орын. Осы мақсатта оқу орындарында кәсіби бағдар беруші мамандар жұмыс істейді. Олар әрбір оқушының қабілеті мен бейімін ескеріп, дұрыс жол таңдауға көмектеседі. Шаһардағы №138 жалпы орта мектепте бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асып келеді.


 Кәсіби маманның басты міндеті - оқушылардың қызығушылығын анықтап, еңбек нарығындағы сұранысқа сай бағыт ұсыну. Арнайы тестілер мен сұхбаттар арқылы әр балаға жеке кеңес беріледі. Осылайша, оқушылар болашақ мамандығын таңдауда нақты бағыт алады.


 ГҮЛЖАН ДҮЙСЕМБЕКОВА, КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУШІ ПЕДАГОГ

Балалардың келешекте өз мамандығын дұрыс таңдауына, алға қойған мақсаттарын нақты бағдарлауына, ойын дұрыс бағыттауға үлкен мүмкіндік бар. Сол себепті біз мамандыққа байланысты түрлі сауалнамалар жүргіземіз.


Кәсіби бағдар мамандары тек кеңес берумен шектелмейді. Олар оқушыларды түрлі оқу орындарымен, өндіріс орындарымен және жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездестіреді. Мұндай шаралар жасөспірімдерге нақты еңбек нарығын танып, сұранысқа ие мамандықтар жайлы түсінік қалыптастыруға жол ашады.


ЖІБЕК БЕКЖАН, ОҚУШЫ

Жұмысшы мамандықтар жылының» жариялануы осындай бағыттарға қызығушылықты арттырды. Әр бала өзіне не қажет екенін біліп, соған қарай дайындалуы керек деп ойлаймын.


 Бүгінде кәсіби бағдар жұмысы – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Себебі әр баланың өз орнын табуы – елдің болашағы үшін маңызды. Дұрыс таңдалған мамандық – табысты өмірдің кепілі. Ал мектептегі кәсіби бағдар мамандары – сол жолдағы алғашқы бағыт көрсетушілер.