Түлкібас ауданында 2011–2012 жылы туған ұлдар арасында волейболдан Түркістан облысының чемпионаты өтті. Додаға өңірдің барлық аудан-қалаларынан 17 команда, 200-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара үздіктерді анықтады.


 Тартысты өткен кездесулер нәтижесінде Арыс қаласының командасы барлық қарсыласынан басым түсіп, облыс чемпионы атанды. Күміс жүлдені Сарыағаш ауданының құрамасы иеленсе, Түлкібас ауданының волейболшылары қола медальға қол жеткізді. Жарыс барысында жекелей шеберлігімен көзге түскен спортшылар «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік доп байланыстырушы» және «Үздік шабуылшы» номинацияларымен марапатталды. Чемпионаттың басты мақсаты – жас волейболшылардың тәжірибесін арттырып, болашақта ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеу. Айта кетейік, аталған жарыста көзге түскен үздіктер 27 қазан мен 2 қараша аралығында Шымкент қаласында өтетін ел біріншілігінде Түркістан облысының намысын қорғайды.


ОМАРХАН КҮБЕЕВ, ТҮЛКІБАС АУДАНДЫҚ №1 БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ УАҚЫТША ДИРЕКТОРЫ

Бұл – ауданымыздағы үлкен волейбол тойы. Мұны ауылымызға деген қолдау деп білемін. 17 команда қатысқан ойын өте тартысты өтті. Жастардың дайындығы жақсы, деңгейі жоғары. Волейбол бізде қарқынды дамып келеді. Әсіресе Сайрам, Отырар, Бәйдібек аудандарында бұл спорт түрі кең өріс алуда.