Мегаполисте дүбірлі дода! Жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттері арасында волейболдан турнир өтіп жатыр. Спорттық шара 25 қазан — Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай ұйымдастырылған.


Жарысты Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» өткізді. Турнирге қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан құралған 8 команда қатысуда. Олар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген жігер мен ұйымшылдықтың үлгісін танытуда.


ШЫҢҒЫСХАН МЕЛДЕБЕК, «ПАРАСАТ» КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ

Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» жарыс ұйымдастырып жатыр екен. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, рахмет. Біздің басты қағидамыз – жеңу емес, жақсы ойын өрнегін көрсету.


Жарыс барысында қатысушылар өздерінің спорттық қабілеттерімен қатар, командалық бірлік пен өзара қолдаудың маңызын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа достық байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.


 ҚАМБАР ТОҚТАСЫН, ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫМЕН ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Волейбол ойынына 8 команда қатысып жатыр. Мұнда әртүрлі оқу орындарының белсенді жастары бар. Жалпы, бұл – бір күндік жарыс, бірақ қатысушылардың қызығушылығы жоғары.


 Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында патриоттық сезім мен салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ, спорт арқылы олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру көзделген. Турнир қорытындысында үздік ойын көрсеткен командалар мен жекелеген қатысушылар дипломдармен, кубоктармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.