Шымкент қаласында жастарға арналған «Заң мен тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен құқықбұзушылықтың алдын алу. Оған Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Жастар ресурстық орталығының өкілдері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.


Жиында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге қаланың жоғары оқу орындарынан 500-ден астам студент жиналды.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» БАСШЫСЫ

Бүгінгі кездесу интерактивті форматта өтеді. Негізгі баяндамашыларға көп уақыт берместен, сұрақ-жауапқа арнайтын боламыз. Жастарды осындай кездесулерде белсенді болуға шақырамыз


 Кездесуде жастарды заңсыз қаржылық схемаларға тарту тәсілдері, «дропперлік» ұғымы және банк карталарын пайдалануға қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Сонымен қатар жеке жинақтарды қорғау бойынша практикалық кеңестер берілді.


ДӘУРЕН ТҰРҒЫНБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Бүгінгі жаһандану дәуірінде интернеттегі алдау-арбау, қаржылық пирамида сияқты алаяқтықтан сақтану шараларын түсіндіреміз. Банк есепшоттарын жалға берудің де әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі бар


 Мұндай шаралар жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, заңды сақтау мәдениетін қалыптастыруға сеп. Кездесу соңында спикерлер құқықтық мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.