Бүгін ұлылардың ұстазы атанған, ұлт тағдыры үшін жазықсыз жазаға ұшыраған Тәңірберген Отарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шарада ағартушының рухани мұрасы мен қазақ қоғамының дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды.
Тәңірберген Отарбаев - ұлт тағдыры үшін аянбай еңбек еткен, қазақ қоғамының рухани дамуына зор үлес қосқан ағартушы. Ол ой еркіндігін, әділдік пен білімнің құндылығын дәріптеген тұлға ретінде халық санасының жаңғыруына жол ашты. Ғалымның өнегелі еңбегі мен ұстаздық жолы талай дарынды шәкірттің жұлдызын жаққан. Тәңірбергеннің тәлімін көрген тұлғалардың қатарында қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары — Бауыржан Момышұлы мен Әбділда Тәжібаев бар.
ЗИЯБЕК ҚАБЫЛДИН, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Тәңірберген ағамыз кезінде ұстаздық жасап, жиырмасыншы жылдардың басында Ташкентте, қазақтың зиялылары шоғырланған кезеңде «Ақжол» газетінде еңбек еткен біртуар қазақ азаматы.
Тарихтың қатпарлы кезеңін айшықтап, ұлт руханияты жолында күрескен тұлғаның есімін ұлықтауға арналған бұл жиынға Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда ғалымдар Тәңірберген Отарбаевтың өмір жолы мен ағартушылық қызметіне, ел дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ, тоталитарлық жүйе жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры талқыланды. Ұлы ұстаздың өміріне арналған деректі фильм көрсетіліп, арнайы көрме ұйымдастырылды.
ГҮЛНАРА ШАРДАРБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ТАРИХЫ АРХИВІНІҢ БАСШЫСЫ
Тәңірберген Отарбаев туралы айтатын болсақ, біздің қоғамдық-саяси архивте ол кісіге қатысты құжаттар бар. Жаңа өздеріңіз көрген фильмде осы архивке барып, оның жеке құжаттарымен танысқан сәттер қамтылған. Сондай-ақ, Тәңірберген Отарбаевтың ұрпағы, жалғыз қызы Ұлжан апайымыз ұлы тұлғаның жеке мұрағаттық құжаттарын біздің қорымызға тапсырған болатын.
Тәңірберген Отарбаевтың ағартушылық идеясы мен азаматтық ұстанымы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Қатысушылардың айтуынша, ғалым еңбегін терең зерттеу және оны оқу бағдарламаларына енгізу – рухани мұраның өміршеңдігін арттырады.