Жыл басынан бері 21 мыңнан астам адам «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасты. Бағдарламаға қатысқандардың көбі – Түркістан облысында. Солардың бірі – Шолпан Әмірова. Ол Алматыдан шалғайдағы Шардара ауданына ауысып барған. Жас маманға жағдай жасап, әкімдік үй берген. Онколог-дәрігермен тілдесіп қайтқан тілшіміз сабақтайды.


 Шолпан Әмірованың ауылдағы әрбір жұмыс күні осылай басталады. Қабылдауын күтіп отырғандар көп. Бұрын ауданда онколог-дәрігер болмағандықтан, жұрт облысқа сабылатын. Енді алысқа ұзамай, ем-домын осында алады.


ШОЛПАН ӘМІРОВА, ОНКОЛОГ-ДӘРІГЕР

Бұл жаққа келгендегі басты мақсатым – осындағы халыққа көмек көрсету. Қатерлі ісіктерді алғашқы сатысында анықтап, профилактика жасау. Аурулардың алдын алу, халықтың денсаулығын жақсарту.


Шолпан Мұратқызы Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін бітірген. Резидентурада оқып жүргенде ауданнан ұсыныс түсіпті. Ол ойланбастан бірден келіскен. Дәрігер тіпті ата-анасымен бірге көшіп келіпті. Баспана мәселесі де шешілген.


 ШОЛПАН ӘМІРОВА, ОНКОЛОГ-ДӘРІГЕР

Ауылға келген кезде біраз қорқыныш болды. Бірақ ол қорқынышты жеңуге, ең алдымен, ата-анам көмектесті. Барынша қолдау жасады. Жұмыс орнындағы әріптестерім жақсы қарсы алды. Аудан тұрғындарына да рақмет. Өте жылы жүзді, жарқын адамдар екен, барынша қолдау көрсетіп жатыр.


 НҰРҒАЛИ МОЛДАХАНОВ, ШАРДАРА АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ

Жастар практикасы бағдарламасымен келіп жатқан мамандардың көбі – орта буын медициналық қызметкерлер. Оларды барлық ауылға тартудамыз. Басқа облыстардағы медициналық университеттерге барып, мамандар тарту жұмыстары жыл сайын жүргізіліп жатыр. Соның арқасында биыл 5-6 маман келді. Әлі де екі маман келеді деп күтіп отырмыз.


 Аудандық аурухана осылайша жас мамандармен толығып жатыр. Оған қоса, емхана ғимараты жаңғыртылып, заманауи медициналық құрылғылармен толыққан. Білікті дәрігер мен заманауи құралдар жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға негіз болып отыр.