Оқушылар шаһардағы 6698 әскери бөліміндегі «Ашық есік» акциясына қатысып, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-шара Жеңістің 80 жылдығына орайластырылып, жас буынның отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Ұлттық Ұланның 6698 әскери бөлімінде 300-ден аса сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Әскерге көктемгі шақырылымда келген олар арада екі ай уақыт өтпей жатып қоян-қолтық ұрыстың қыр-сырын меңгеріп үлгерген. Білген-түйгендерін оқушыларға көрсетті.
АРМАН УТЕНОВ, 6698 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
--- Оқушыларымызға арнап әскери-патриоттық шара өткізіп жатырмыз. Оқушыларымыздың ұлттық рухын арттыруға өзіндік септігін тигізіп жатыр.
Бұл күні оқушыларға әскери белсенділік пен ұлттық патриотизмнің озық үлгісі көрсетілді. Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс даласындағы атыс-шабыс кезінде қолданылатын қару-жарақтар таныстырылды. Жастарды әсіресе кинологтардың жұмысы қызықтырды.
НҰРЖАМАЛ ӘДІЛБАЙ, АБАЙ АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
--- Мақсаты, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен партиоттық сезімін оятып, әскери бөлімге келіп, сарбаздармен кездесуі олардың тәрбиесіне әсер етеді.
Ермек Нәрметов Сайрамдағы Ахмет Байтұрсынов мектебінде оқиды. Бозбала болашақта әскери мамандықты таңдап отыр. Бүгінгі саяхат оның Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшынысын арттыра түскен.
ЕРМЕК НӘРМЕТОВ, ОҚУШЫ
--- Көп баланы ата-анасы әскерге жібермейді, ұрады деп қорқады. Бірақ ондай емес. Әскери өмірдің тыныс-тіршілігін көзімізбен көріп отырмыз міні.
Әскери өмір сырт көзге қиын көрінгенімен, нағыз ерлерге арналған орта. Ерік-жігерін қамшылап, физикалық белсенділікті арттыруға таптырмайтын жер. Әр жігіт отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Жиыннан оқушылардың түйгені осы.