Шымкенттік оқушы әлемнің 36 университетінен шақырту алды. Білім Инновация ер балаларға арналған лицейінде 11 сынып оқитын Дінмұхаммед Маликовтың ҰБТ көрсеткіші де көңіл көншітеді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ үш тілді жетік меңгерген шәкірт енді шет елде білім алуды жоспарлап отыр.


Дінмұхаммед Маликов – оқу-білімге құштар. Ұстаздардың айтуынша шет тілдерді өздігінен меңгеріп, әлемдік деңгейдегі оқу орындарына тест тапсырған. IELTS сынағынан да сүрінбей өткен. Ендігі арманы – шетелде оқып, сол білімін туған жерді түлетуге сарп ету.


 ДІНМҰХАММЕД МАЛИКОВ, ОҚУШЫ

--- Шет елде білім алсам да, немесе Қазақстанда оқитын болсам да басты мақсатым ол алған білімім мен тәжірибемді Қазақстанды дамытуға арнау болып табылады. Менің артымда келе жатқан іні-қарындастарыма менің бұл жолым мотивация болды деп үміттенемін.


Лицейде 2019 жылдан бері 9-10-11 сынып балаларына кәсіби бағдар беретін маман тұрақты жұмыс істеп келеді. Бітіруші сынып балаларының таңдаған мамандығы мен қарым-қабілетіне қарай білім алып, сынақ тапсыруларына көмек беріп отырады. Соның нәтижесінде өткен жылы осы лицейдің 8 түлегі шетелдік оқу орындарына түскен.


ДУКАТ КАБЫЛКАЕВ, №1 ЕР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БИЛ ҰСТАЗЫ

--- 9-сыныптан басталады негізінде. Біз оқушылармен бірге психологиялық тесттер өткізіп, жеке-жеке сұқбат аламыз. Мамандықтарына қарай түрлі сала мамандарымен кездесіп жатыр.


Мамандардың айтуынша, қазір қазастандық білім ұялары шетелдік университеттермен иық тіресе алатын дәрежеде. Сондықтан Алматы, Астана қалаларындағы озық білім орларын таңдайтындар да жоқ емес. Ал шетелде білім алам деушілер үшін мүмкіндік жоқ емес. Оған кейіпкеріміздің жетістігі дәлел. Айтып өтейік, Дінмұхаммед 2024 жылы «Ең жас волонтер» номинациясын иеленіп, қала әкімінің Алғыс хатын алған ерікті жан.