Түркістан облысы полиция департаменті студенттермен кездесу ұйымдастырды. "Жасөспірім" жедел-профилактикалық шарасы аясында Түркістан көпсалалы колледжі мен Халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханаларында ортақ жиын өтті.
Шараның көздегені – студент жастар арасында есірткі және психотроптық заттардың таралуының алдын алу, сондай-ақ олардың адам денсаулығына тигізетін зияны туралы кеңінен ақпарат беру. Полицейлер жастарға заңсыз есірткі айналымы үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы да жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында кинолог мамандар қызметтік иттер көмегімен жатақхана бөлмелерін және оған іргелес аумақтарды аралап, тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексерді. Сонымен қатар студенттерге арнайы ақпараттық буклеттер таратылып, ашық сұхбат өрбіді. Тәртіп сақшылары жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Ұйымдастырушылар, мұндай профилактикалық іс-шаралар жас өреннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, - дейді.