Суырып-салма айтыс өнерінің абызы, парасат орденінің иегері, ақын - Әселхан Қалыбекованың туғанына биыл 75 жыл. Мерейлі дата аясында «Омартасы рухтың Отырарым» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға ақынның шәкірттері, замандастары мен жырын жатқа оқитын оқырмандары қатысты.
Сөз суреткерін көзбен емес көңілмен ұғынған жөн. Сезім сарайын сипап өтіп, жүректің жүгенсіз пернелерін басатын отты өлеңдерді поэзия сүйер оқырман осылай бағалайды. Көзі көрмейтін және әлзсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана ұжымы зағип жандарға арнап Әселхан Қалыбекованың аудио кітабын әзірлеген. Оны мүмкіндігі шексіз азаматтарға ұсынып, ақын жырларын кеңінен дәріптемек.
ЕРБЕК БАКИЕВ, ТИФЛОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
– «Көз жанарынан айырылған студенттер Тоғжан Камал, Гүлбаһар, сондай-ақ өзімідік әріптестеріміз ақын өлеңдерін оқып, оқырмандарға тару етті.»
Елдің ішкі ойын жазбай танып, мұң-мұқтажын көтерген батыл ақынды халқы да құрмет тұтып, жырларын жадқа түйген. Ақынға қарап ой өріп, еліктегендер де жетерлік. Соның мысалы – жас Әселхан. Сөзінше, анасы жаңа туған сәбиін Әселхан Қалыбекованың құрметіне осылай деп атаған. Айтыстың абызы өзім білсем болдымен шектелмеді, түйгенін тарқатып, көргенін көппен бөлісті. Содан болар өзін жыр дүлдүліне шәкірт санап, үлгі тұтатын жас буын қатары көп.
АЯН НИЯЗБЕК, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Ақындық атымда емес, затымда бар,
Сондықтан айтар уәж датым да бар.
Ақ батасын жасымнан алып едім,
Сондықтан апам жайлы айтуға хақым да бар.
Атыңнан айналайын Әсел апам,
Артыңда өшпей мәңгі атың қалар.
Әселхандай апамнан үлгі алса егер,
Адамның алысы да жақын болар.
Өнерінен үлгі алса ақын болар,
Өмірінен үлгі алса батыр болар.
НҰРҒАЛИ ӘНӘПИЯ, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Өнердің желкен болған кемесінде,
Айтыстың асқан талай белесінде,
Артында Қазақ дейтін жұрты барда,
Әсел апам қалады ел есінде.
АХМЕТРАСУЛ БАЯНБАЙ, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Бас қостық Шымкенттің маңайында,
Арнайы кітапхана сарайында.
Әселхандай әжемді ардақтаған,
Мың алғыс Шымкенттік ағайынға.
Жиында кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар ақын өлеңдерін жатқа оқып, көз көргендер есті естеліктерін ортаға салды. Қызы Фариза Құрманбек айтыс абызының сөзіне, Еркебай Көшербаевтың әніне жазылған «Шексіз ғалам» әнін тарту етті. Сөз қадірін биік көтеріп, өлең әлеміне құмартқандар ақынның көзі кеткенмен, отты жырлары өлең сүйер оқырман санасында мәңгі жасайтынын алға тартады.