Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионы, қазақтың мақтанышы Айару Алтынбекті қабылдады. Сонымен бірге чемпионның атасы Ақжігіт Исабек пен әкесі Әлібек Амантаевпен де кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Өңір басшысы жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, грамота мен бағалы сыйлық тапсырды.


Чемпионның атасы мен әкесі талантты қыздың спорттық жетістіктері, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Арнайы құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, спортшыны халықаралық жарыстарға жіберуге қолдау мәселесі бойынша ұсыныстарын жеткізді. Айарудың өзі шахмат спортындағы бәсекелестік жоғары екенін, ел сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салып жүргенін айтты. Әлемнің түрлі қалаларын аралағанын, солардың ішінде Түркістан қаласының да сәулеті айрықша екеніне тоқталды. Айта кетейік, Алтынбек Айару – шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері – FIDE Master. 2011 жылы Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Әлемнің үш дүркін, Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. 2025 жылы өткен халықаралық Queens Chess турнирінің жеңімпазы. 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте 1 орынға шыққан.