Қолданылған пластик заттарды қайта өңдеуге болады. Керексіз заттарды қажетті затқа алмастыра аласыз. Осы арқылы әлемдік экологияның жақсаруына өз үлесіңізді қоса аласыз. Мегаполисте «Дармарка» және «ЭкоКүн» жәрмеңкесі өтті.
Аталған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдауға бағытталған. Дармарка – бұл тұтыну мәдениетін өзгертуге бағытталған әлеуметтік бастама. Мұнда қатысушылар өз үйлеріндегі қажетсіз, бірақ жақсы күйдегі заттарды әкеліп, басқалармен алмаса алады. Жәрмеңкеде таза және ұқыпты киімдер, кітаптар, балалар ойыншықтары және үйге пайдалы ұсақ-түйектер заттар қабылданады.
ХАМИДА АРИПХАНОВ, НЕМІС МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАҒДАРЛАМА ЖЕТЕКШІСІ
Қазіргі таңда мына жерде дармарка болып жатыр. Кітаптарды алсаңыздар болады. Өздеріңіз заттарды алып келіп айырбастасаңыздар болады. Біз әлеуметтік желіде барлығына шықтық. Көбісі хабардар.
Барлық алмасу тегін жүзеге асырылады. Бұл – артық заттарды тастамай, оларға «екінші өмір» сыйлау арқылы экологиялық жауапкершілікті арттырудың тиімді жолы. Ал «ЭкоКүн» – қайта өңделетін қалдықтарды жинау акциясы. Шара аясында қала тұрғындары қайта өңдеуге жарамды пластик бөтелкесі, шыны, қағаз және картон және алюминий банкаларды өткізді.
БАҚЫТЖАН МАРАТ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі Қазақстан Халық ассамблеясы 30 жылдығына орай 30 қайрымды акциясы аясында өттіп жаттыр.Яғни жасттардын арасында экологиялық мәселелерді шешуге бұндай проблеманың бар екенін насихаттап жастардың арасында Дұрыс өмір сүрі қағидатын қалыптастыруған арналған іс-шара болып табылады.
Іс-шараға «New Wave» жастар қозғалысы, Шымкент қаласындағы «Неміс» мәдени орталығы, «Екінші өмір» үйсіз жануарларға көмек көрсететін қайырымдылық қоры, «Добряки Шымкента» және «28 ілмек» әлеуметтік бастамасы қатысты.Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл бастамалар тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға үйретеді.