Сайрам ауданына сапары аясында кәсіпкерлік нысандармен жаңадан ашылған ғимараттарды аралап шыққан облыс басшысы Нұралхан Көшеров аудан активімен кездесті. Аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымымен экономикасын дамыту жолдарын талқылады.
Сайрам ауданында 5 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 32,6%-ды құрады. Жалпы өнімнің 32,9%-ы ауыл шаруашылығы, 26,8%-ы өнеркәсіп саласының үлесінде.
АРМАН САБИТОВ, САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауыл шаруашылығы саласында 5 айда 37,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,1% деңгейінде болды. Өсімдік шаруашылығында 1,6 млрд.теңгенің, мал шаруашылығында 35,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Жалпы биылғы жылы агроөнеркәсіп кешен саласында өнім көлемін 160,0 млрд.теңгеге жеткізу межеленуде.
Өңір басшысы ауданның әлеуеті толық қолданылмай отырғанын сынға алды. Кемшілікке жол берген басшылар мен ауыл округі әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жол жөндеу, инвестиция тарту, кірістер көзін ұлғайту, салық жүйесіндегі кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Нақты міндеттерді орындау кезінде ауылдық округ әкімдеріне салғырттыққа жол беруге болмайды.
Биыл аудан экономикасын ілгерілетуге 29,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артық. Тартылған инвестицияның 73,6%-ы – жеке инвестордың қаржысы.