Қаладағы жұмыс орындарында жыл басынан бері 14 жазатайым оқиға орын алған. Оның төртеуінде адам өлімі фактісі тіркелген. Осы өзекті мәселені алға тартқан еңбек инспекторлары жұмысшылармен кездесіп, түсініктеме жұмыстарын күшейтуде. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» өкілдері білім қызметкерлерімен бас қосты.


Институт басшыларының мұғәлімдермен кездесуіне себеп бар. Биыл еңбек инспекторлары қала бойынша 1260 арыз-шағымды қарап, әрқайсысына заң аясында шаралар қолданған. Арыздың 465 білім мекемелеріне қатысты.


ФАХРИДДИН ҚАРАТАЕВ, «ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ» ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ

 Өндіріс мекемелерінде болып жатқан жазатайым жағдайлар – көпшілікке қатысты маңызды мәселе. Қазіргі кезде көбісі бұл мәселеге назар аудармай жатады. Осыған байланысты біз қалалық білім басқармасымен және еңбек инспекторларымен келісіп, арнайы іс-шара ұйымдастырып отырмыз.


 Жиын барысында Шымкент қаласы бойынша еңбек қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау көрсеткіштері де назарға ұсынылды. 2025 жылдың алғашқы алты айында 195 тексеру жүргізіліп, 143 заң бұзушылық анықталған. Оның 86 пайызы жойылып, жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салынған. Бұл соманың 58 пайызы бюджетке өндірілген.


СЕРІК АЛИМАНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Сіздер жұмыскерлерді жұмысқа қабылдаған кезде еңбек шарттарын жасауға міндеттісіздер. Егер шарт жасалмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазір ортақ база бар, оған тіркелуге міндеттісіздер.


 Кездесуде еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселесі әңгімеге арқау болды. Өндірістік ортаның жағдайын бағалау, зиянды факторларды өлшеу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Және жұмысшыларды арнайы оқыту жобасы таныстырылып, қажетті ақпарат берілді.


АБДУЛЛА АХМЕТОВ, ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ» ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Еңбек шарты мен ұжымдық шарт бойынша көптеген мәселелер осы 40 сағаттық бағдарламада қаралған. Өзімнің тірлігім көп, жұмысым көп десеңіздер де, өз еріктеріңізде. Бірақ басшы азаматтарға бұл шараны оң көзбен қараған дұрыс.


 Кәсіпорындарындағы жалақы бойынша берешекке де ерекше назар аударылды. Есептік кезеңде 13 кәсіпорында 84 жұмыскерге 134,6 млн теңге қарыз бар екені белгілі болған. Бұл берешекті өтеу мақсатында арнайы кесте әзірленіп, сот орындаушыларының қатысуымен нақты әрекеттер жасалыпты.