«СТОП ВЕЙП! Ерікті түрде тапсырып - өз болашағыңды сақта!». Осындай атаумен Шымкентте профилактикалық акция басталды. Іс-шараны «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қалалық прокуратура ұйымдастырып отыр.
Акция аясында қаланың бес ауданында электрондық тұтыну жүйелерін қабылдау пункттері ашылды. Тұрғындар өз еркімен вэйптерді құқық қорғау органдарының өкілдеріне ешқандай салдарсыз және жауапкершіліксіз тапсыра алады. Прокуратура өкілдері вэйпті сатқан немесе таратқан адамдардың жауапкершілікке тартылатынын еске салады.
ЖАНЕРКЕ АТЫКАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ
Қазіргі таңда вэйптерді тасымалдау дейміз - соған жауапкершілік көзделген. Яғни, ҚК бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы заң талаптарын халық арасында кеңінен тарату үшін аталған акция жүргізілуде.
Акцияның мақсаты - вэйптердің заңсыз айналымына жол бермеу, азаматтарға мұндай іс-әрекеттердің заңға қайшылығын түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру. Іс-шараға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер қатысуда.
ҚАМБАР МАРАТБЕКҰЛЫ, ЕРІКТІ ЖАС
Қаланың сауда нүктелерінде арнайы брошюра таратып, келушілерге вэйптің адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін түсіндіріп, жастарға насихаттау мақсатында осылай үндеу жасап жатырмыз.
Профилактикалық шара 3–5 қараша аралығында өтеді. Шымкент қаласының прокуратурасы қала тұрғындарын, әсіресе жастарды вэйп қолданудан бас тартуға және ұлт денсаулығын сақтауға шақырады.