Шымкент кәсіпорындарына QazIndustry ұсынатын қызметтер таныстырылды. «QazIndustry – Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Олар бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат беріп, цифрландыру және жергілікті қамту мәселелерін талқылады.


«QazIndustry» АҚ жұмыс тобында цифрлық трансформация, бизнесті ынталандыру, жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу дирекцияларының мамандары бар. Басты мақсаты – кәсіпорындарға цифрлық технологияларды, жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге жәрдемдесу және технологиялық жетілу деңгейін бағалау.


АЙНҰР АҚТАНОВА, «QAZINDUSTRY» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ЭКСПОРТ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ДИРЕКЦИЯСЫ ӨКІЛІ

 Бал Текстиль бізде модельдік цифрлық фабрика жобасына кірген болатын. Осы сапар барысында оларға ұсыныстар беріліп, бағалау жүргізіледі. 


QazIndustry өкілдері өндіріс барысымен танысып, кәсіпорындарға арналған қолдау мүмкіндіктерін түсіндірді. Сондай-ақ, түрлі бағыттар бойынша жан-жақты ақпарат беріп, ұсыныстар жасады.


ЕРҒАЛИ ӘБДІҒАППАР, КІЛЕМ ФАБРИКАСЫНЫҢ ӨНДІРІС БАСШЫСЫ

Цифрлық даму бойынша жан-жақты зерттеулер жасап жатырмыз. Яғни бізге не енгізуге болатынын қарастырып, ұсыныстарды қарап жатырмыз. 


 Кәсіпорындарды аралау кезінде цифрлық трансформациялау дирекциясының өкілдері олардың технологиялық даму деңгейін бағалап, өндіріс үдерістерін цифрландыру бойынша ұсыныстар берді. Шымкенттік кәсіпорындар QazIndustry ұсынатын қолдау мүмкіндіктерін жоғары бағалап, әрі қарай ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін жеткізді.