Биыл «Oñtústik» телеарнасының эифирге шыққанына 35 жыл! Осы аралықта іргілі ұжым ордалы медия мектепке айналып, талай шәкіртті тәрбиеледі. Жас мамандарды серпілтіп, ақпараттың қазанында қайнатты. Қанатын қатайтып, қаламын ұштады. Бүгінде оның бір шоғыры республикалық деңгейде хабар таратып, есімі елге белгілі журналистке айналған.


Ғани Қалмахан – «Оңтүстікке» 2000 жылдардың басында келген. Қазақ ұлттық университетін тәмәмдап, қолына диплом алған жас маман туған жерге оралды. Шымкент телеарнасына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастайды. Аға буынға құлақ асып, ақыл-кеңесін тыңдайды. Біліктілік ұштап, тәжірибе жинақтайды. Тілшілігі толысып, арыны асқан маман ұлттық арнаның көзіне түсіп, Шымкенттегі меншікті тілшісі атанады. Ол мұндай жауапты қызметті 20-жыл бойы абыроймен атқарды.


Тіршілігін тілшілікке арнаған азамат – «Оңтүстікте» өткен сәттерін сағынышпен еске алады. Өйткені ол осында алғаш мәтін жазып, сюжет құрауды үйренді. Тікелей эфирге қосылып, көрерменге шынайы ақпар таратты. Аға буыннан үйренгенін ізбасарларға нұсқап, шәкірт шоғырын тәрбиеледі. Бүгінде сол әдетінен жаңылмай, рухани астанадағы «Түркістан» телеарнасында ақпараттық- сараптамалық бағдарламалар дерекциясына жетекшілік қызмет етіп жүр.


ҒАНИ ҚАЛМАХАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2002-2005)

 – «Бізге шын мәніндегі ақпараттың бейтараптық ұстанымдарын, жылдам жеткізу тәсілдерін үйретті. Соның арқасында сол кезде «Оңтүстікте» тізе қосып еңбек еткен біршама мамандар бүгінде республикалық телеарналарда жұмыс істеп жүр. Бұл «Оңтүстіктің» тәжірибеге бай мектеп екенін аңғартса керек.»


 Аға жолын жалғаған Нұрсұлтан да телевизиядағы қадамын қара шаңырақта бастаған. Қолына қалам ұстап, сюжет жазуды осында үйренген. Эфир тізгіндеп, көрерменмен тікелей байланысқан. Жаңалықтар мен бағдарламаларды қатар жүргізіп, «Оңтүстіктің» қазанында қайнаған. Бүгінде тәжірибесі толысқан ол «Хабар» агентігінің Шымкенттегі меншікті тілшісі.


НҰРСҰЛТАН МҰХАМЕДЖАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2016-2021)

– «Журналист боламын деген шешімді осы арнаның көрермені болып отырған кезде қабылдағанмын. Хабар тарату, эфирден көріну деген ұғымдар қатты ұнаған болатын. 2016 жылы телеарна табалдырығын имене аттағанызда ұйымшыл ұжым өзектен теппеді. Керісінше қолдау көрсетті. Білген-түйгенін аямады.» 


Қос кейіпкер де алғашқы еңбек жолын «Оңтүстікте» бастап, мектебін оқыған түлектері. Бүгінде қызмет бабымен басқа ұжымдарда қызмет атқарып жүр. Бірақ, қашан да алғашқы ұжым, бірінші тәжірибе ыстық дейді олар.


 ҒАНИ ҚАЛМАХАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2002-2005)

– «Жалпы телеарна ұжымын 35 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін.» 


НҰРСҰЛТАН МҰХАМЕДЖАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2016-2021)

 – «Журанлистикадағы әрбір жетістігімізге «Оңтүстік» телеарнасы себепкер деп айта аламыз.»