Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.


Кәмелетке толмағандарды есірткіге тарту фактілерін азайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Осы бағытта шамамен 17 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізілген, олар 2 миллионнан астам жасөспірім мен жастарды қамтыды. Дегенмен, есірткі құралдарын таратумен ұсталған кәмелетке толмағандардың саны азаймай тұр. Мысалы, Абай облысында полиция қызметкерлері колледждің бірінші курс студентін аса ірі көлемде психотроптық зат сақтағаны үшін ұстады. Тінту барысында одан 16 грамм синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Шығыс Қазақстан облысында тағы бір кәмелетке толмаған жас жігіт ұсталды. Ол Алматы қаласынан Өскемен қаласына ұшып барып, бір ай бойы интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды жеткізуші ретінде жұмыс істеген. Ұстау кезінде одан PVP тобына жататын 3 грамм синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Жалпы ел аумағында 60-тан аса кәмелетке толмаған жасөспірім есірткіге қатысты дерек бойынша ұсталған.


БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСТАРЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ

Ішкі істер министрлігі азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған “Заң мен тәртіп” қағидасын дәйекті түрде жүзеге асыруды жалғастырады.