Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру және бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар талқыланды.


Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаттары енгізілген. Ай сайын мыңға жуық қала тұрғыны спортпен тұрақты түрде айналысып келеді. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Аудан, қалаларда спорт нысандарына деген қажеттілікті реттеу бағытында жасалған үш жылға арналған кешенді даму жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Спорт инфрақұрылымын және бұқаралық спортты дамыту бойынша бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.


Түркістан облысында 3 540 спорт нысаны тіркелген. 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынып, оның 66-сы ел игілігіне берілді. Спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жоспары бойынша бюджет есебінен үш жылда 55 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр.


 ҒАЛЫМЖАН ХУДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Биылғы 10 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4 пайызын құрады. Соның ішінде 3–18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің саны 264 мыңға жетіп, 32,9 пайызды құрады. 2025 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші арқылы тегін үйірмелерде 24 480 бала шұғылдануда.


Облыста халықаралық және республикалық жарыстар тұрақты түрде өтіп жатыр. Спорт саласына көрсетілген қолдаудың нәтижесінде облыс спортшылары 2025 жылдың 9 айында Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 248 медаль жеңіп алды.