Қазығұрт ауданында тұрғындарды сапалы баспанамен қамту жұмысы жалғасып келеді. 2024 жылы екі қабатты 5 үй пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде 48 пәтер көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолжетімді болады.


Жаңа үйлер заманауи талаптарға сай салынып, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Пәтерлер кең әрі қолайлы болуымен қатар, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған. 8 пәтерлі үйде 2 бөлмеден 4, 3 бөлмеден 2, 1 бөлмеден 2 пәтер бар.


ҚАСЫМЖАН ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

2024 жылы 5 үй пайдалануға берілді. Биыл 10 үйдің құрылысын облыс пен ауданның толық бақылауымен жүргізіп жатырмыз. Материалдардың көбісі қазақстандық өнім. Сырттары термопанельмен қапталып жатыр. Есік пен терезелерді өзіміз шығарамыз. Қосымша сырттан келетін материалдар да бар, бірақ көп пайызы отандық өнім.


Құрылыс-монтаж жұмысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда тек сыртқы әрлеу жұмысы қалды. Аула абаттандырылып, жолдар мен аяқжолдар салынады. Мердігер мекеме алдағы он күнде үйлерді толық тапсыруға уәде берді. Жобаның толық аяқталуы аудан тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ауылдардың әлеуметтік келбетін арттыруға және елді мекеннің көркеюіне елеулі үлес қосады.


 НҰРХАН ТҰРЫМБЕТОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ

 Коммуникацияның барлығы қосылды: газ, су, электр энергиясы қатарласып беріліп жатыр. Қазір сыртқы алаңда жұмыс жүргізіліп жатыр. Жақын арада, келесі аптада, үйлерді тапсыруға дайын боламыз.


 Әрбір отбасының баспаналы болуы – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Қазығұртта бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.