Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді. Соңғы үш жылда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларының енгізілуі есебінен егіс көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайған.


 Биыл Отырар ауданында егіс көлемі 20,8 мың гектарға, Арыс қаласында 9,2 мың гектарға, Сарыағаш ауданында 6,5 мың гектарға, Бәйдібек ауданында 4,8 мың гектарға, Сауран ауданында 2,3 мың гектарға артты. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Цифрландыру әдістерін қолдана отырып, егіс егу және суғарудың кешенді жол картасын әзірлеу қажет. Облыс аумағындағы көктем және күз мезгілінде бекітілген меженің толық орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2026–2029 жылдарға арналған арнайы жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын.


Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау қалыпты деңгейде жүргізілуде. Биыл 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша дақылы, 5,2 млн тонна малазықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды. Мақта өнімі 1,4 есе, ал күріш 2,3 есе артты.


ӘЛІБЕК ПІЛАЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Дала жұмыстарына жанар-жағармай босату, кредиттік ресурстар мен минералды тыңайтқыштар бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Дала және жиын-терім жұмыстарына 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 55,3 мың тонна жанар-жағармай толық сатып алынып, 41,7 мың тоннасы босатылды. Күзгі дала жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағармай толық сатып алынып, бүгінде 12,4 мың тонна босатылды.


 Мемлекет басшысының минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 781 мың гектар егіс алқабына 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 120% орындалды. Жалпы, соңғы үш жылда егіс алқаптарына тыңайтқыш енгізу көлемі екі есе артқан.


ӘЛІБЕК ПІЛАЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Дала жұмыстарын несиелендіру бойынша облыста «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО» ЖШС, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың 10 айында 2 329 жобаға 26,4 млрд теңге қаржы бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе артық. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңда қолданыста 25 мың техника бар. Тауар өндірушілер 1 531 жаңа техника сатып алды. Техника паркін жаңарту деңгейі 8,8%-ды құрады.


 Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектар жерге енгізу жоспарланған. Мәселен, былтыр мақта дақылы жаңа технологиямен 1,9 мың гектарға егілсе, биыл 52,2 мың гектарға егіліп, өнімділік екі есе артты. Одан бөлек, күріш дақылы пилоттық түрде тамшылатып суару технологиясымен егілді және жоғары өнім көрсетіп отыр.