Жоқ пәтерді саудалап, 42 адамды тақырға отырғызған. Астаналық полицейлер құрылыс саласында алаяқтық жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұстады. Тергеу мәліметінше, күдікті пәтер сатамын деп тұрғындармен жалған келісімшарт жасаған.


 Ол жәбірленушілерден алдын-ала ақша алып, құрылыс аяқталған соң пәтерді меншікке рәсімдеп беремін деп уәде еткен. Алайда тергеу барысында кейбір пәтерлердің бірнеше адамға қатар сатылғаны анықталған. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша 42 эпизод тіркелген. Бір жағдайдың өзінде жәбірленушіге келтірілген залал көлемі 6,5 миллион теңгені құйған. Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылғаны белгілі болды. Күдіктіге қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары азаматтарға жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасағанда сақ болуды, құжаттардың заңдылығын мұқият тексеруді және тек ресми құрылыс компанияларына жүгінуді ескертеді.