Әскери өмір тек темірдей тәртіптен ғана тұрмайды. Сарбаздар бос уақытында теледидар көріп, домбыра тартып, ән де айтады. Тіпті аптасына екі рет ата-анасымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп отырады. Жалпы, соңғы кездері жастар арасында Отан алдындағы борышын өз еркімен өтеуге аттанғандар саны артып келеді. Тақырыпты Шымкенттегі 35748 әскери бөліміне күзгі шақырылым бойынша жаңадан қабылданған 192 сарбаздың бір күнімен танысып қайтқан тілшіміз сабақтайды.


Асқар Орынбасар жауынгерлік сап түзеп, қаруластарына сәлем беруді үйреніп жатыр. Бұл - әрбір жас сарбаздың бірінші міндеті. Құрлықтағы әскери бөлімге Асқармен бірге 191 сарбаз қабылданды. Барлығы Отан алдындағы борыштарын өз еркімен өтеуге келіпті. Әскер - ер азамат үшін өмір мектебі. Шыдамдылық пен жауапкершілікке, қиындыққа төтеп беруге үйретеді, - дейді жас сарбаз.


АСҚАР ОРЫНБАСАР, ЖАС САРБАЗ

35748 әскери бөлімде 4 күн болды. Алматы қаласынан келдім. Бірінші минуттан бастап мені өте жылы қабылдады. Тамақ өте жақсы, бұл жерде жаңа достар таптым. 2-рота, 2-взводында боламын. Сержанттарымыз, командиріміз өте жақсы.


Жас жауынгерлер алғашқы күннен бастап темірдей тәртіпке үйренеді. Таңғы алтыда тұрып, дене шынықтырады. Құқықтық сабақтар оқып, әскери полигонда сынақтар тапсырады. Ант қабылдау рәсіміне дейін жас сарбаздар осылайша барлық әскери өмірдің қыр-сырына қанығады.


 МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, 35748 ӘСКЕРИ БӨЛІМ КАПИТАНЫ

Біздің мақсатымыз, қазіргі кезеңде алатын болсақ, оларға тек әскери билет алып немесе бір жыл уақыт өткізу емес. Біз үшін ең бастысы - ер азаматтың Отан алдындағы үлкен міндетін, яғни ата-анасының, біздің кең жеріміздің қорғанышы екенін жүрегімен сезіндіру, патриоттық сезімін ояту.


Жауынгерлер өз міндетін мүлтіксіз орындау үшін әскер қатарында барлық жағдай жасалған. Ең бастысы - темірдей тәртіп. Сарбаздар бос уақыттарында теледидар көріп, домбыра тартып, ән де салады.


Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар әр сенбі мен жексенбі күндері ата-анасымен бейнеқоңырау арқылы сөйлеседі. Бұл -туыстарының сарбаз өмірімен етене танысуына мүмкіндік береді. Жаңартылған оқыту бағдарламасына сәйкес, жауынгерлік және арнаулы даярлыққа қоса, сарбаздарды әскери саладағы болашағы бар, сұранысқа ие мамандықтарға баулу да жоспарланған. Жауынгерлер әскерден кейін қалаған оқу орындарына түсе алады.