Қазіргі таңда Қазақстанда қатерлі ісіктен көз жұматын науқастардың саны көңіл көншітпей тұр. Осыған орай, бүгін үшінші мегаполисте аурудың алдын алу шараларын күшейту мақсатында конференция өтті. Шараны Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы ұйымдастырды. Басқосуға Түркістан облысының онколог-дәрігерлері мен медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.


Елімізде ұйқы безі сыр беріп жүрген науқастардың қатары көбейіп келеді. Статистикаға сүйенсек, әрбір жүз мың адамның шамамен үш пайызы осы дерттің түрлі түріне шалдығады. Дәрігерлер қант диабеті, созылмалы панкреатит пен семіздік сынды аурулардың ұйқы безі обырының дамуына әсер ететінін айтады. Бұл кесел алғашқы сатысында ешбір белгі білдірмей, жасырын өтеді. Сол себепті де асқынтып алғандар өмірімен қош айтысып жатады. Ал дерт ерте кезеңінде анықталған жағдайда, науқастардың басым бөлігі толық сауығу мүмкіндігіне ие болады, – дейді мамандар.


 НҰРСҰЛТАН БАЙДУЛЛАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ОНКОХИРУРГЫ

Жыл сайын ауруханаға ұйқы безі дерті бойынша 60–70 науқас тіркеледі. Басым бөлігі – ауруды алғашқы сатысында анықтағандар. Ал олардың ішінде 35 науқас бес жылға дейін өмір сүре алады. Ауруды асқындырып келгеннен кейін біз уақытылы ем-дом жасай алмай жатамыз. Сондықтан дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.


 Жиын барысында онкологиялық аурулардың туындау себептері, профилактикалық шараларды жүйелі жүргізу мәселелері сөз болды. Шарада тері мен сүт безі қатерлі ісігі жайлы да баяндама оқылып, ерте диагностика мүмкіндіктері талқыланды. Мамандар обырдың алдын алуда салауатты өмір салты мен тұрақты медициналық тексерудің шешуші рөл атқаратынын атап өтті.


 ДИНАРА ЖҰМАНОВА, САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ

Скринингтік тексерулер амбулаториялық деңгейде жүргізіледі. Бұл үшін арнайы адамдар таңдалып, белгілі бір онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады.


Жиын соңында қатысушылар онкологиялық аурулардың алдын алу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттілігіне тоқталды. Бастысы - дертті асқындырып алмай, әр жыл сайын тұрақты тексерістен өту маңызды.