Шымқала жастары халықаралық Студенттер күнін атап өтті. Білім алушылар бір алаңда бас қосып, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Студенттер арасындағы достық байланысты нығайтып, шығармашылық әлеуетті арттыруға арналған бұл шараны қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.


 Қазіргі таңда Шымкентте 95 мыңнан астам студент білім алады. Шаһарда терең ізденісімен ерекшеленіп жүрген жастардың қатары қалың. Солардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенті Даниял Болысбек. Талантымен танылған жас өрен оқу орданың тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып келеді. Қазақтың қара домбырасын серік етіп, «Күміс домбыра» байқауында топ жарған ол студенттік өмірдің естелігімен бөлісіп, жастарға өз кеңесін айтты.


ДАНИЯЛ БОЛЫСБЕК, Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ СТУДЕНТІ

Студенттік шақ — жатақхана мен университеттің ортасындағы жол ғана емес, бұл кезең — өсіп-өну, жаңа орта табу, жан-жақты даму. Жастарға айтар кеңесім: оқудан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да атсалысыңыздар. Жаңа достар тауып, қайта келмес шақты қызықты өткізіңіздер дегім келеді.


Әлеуметтік қолдау шаралары да мерекенің ажарын ашты. Бұл күні шаһардағы кәсіпкерлік нысандар студенттерге арналған жеңілдіктер ұсынды. Арнайы жасақталған топ бірнеше оқу орнын аралап, жастардың тыныс-тіршілігімен танысты.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ

Әрбір университетке біздің жастар барып, оқу орнының тыныс-тіршілігін сезініп көрді. Қаладағы бірнеше кәсіпкерлік нысан Студенттер күніне орай арнайы жеңілдіктер ұсынды. Кофе желілерінде білім алушыларға акциялар берілді.


Мерейлі күнде шымкенттік студенттер кештің көркін қыздырып, өз өнерлерін ортаға салды. Өнерпаздар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфераны жандандырды.


ДАРИҒА ӨСЕРБАЙҚЫЗЫ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ СТУДЕНТІ

Біз бүгін Студенттер күніне орай ретро стилінде өнер көрсеттік. Барша студенттерді осы айтулы мерекемен құттықтаймын.


Кеш барысында жастар саясатының дамуына айрықша үлес қосып жүрген студенттер ерекше қошеметке бөленді. Орталық басшысы білім алушыларға арнайы алғыс хаттарды табыс етті.