Құқық қорғау органдары студенттермен кездесіп, еркін форматта сұхбат құрды. Заң нормаларын түсіндіріп, құқық бұзудың жауапкершілігін ұғындырды. Қоғамда кең етек жайған қылмыстар туралы баяндама жасап, алдын алу жолдарын қарастырды.
Жиі тіркелетін қылмыстық деректер қатарында – интернет алаяқтары көш бастап тұр. Сәрсен Құранбектің сөзінше, өткен бір апта көлемінде мұндай 34 факт тіркелген. Алаяқтар ресми ұйымдардың атын жамылып, полицияданмын, банктенмін, әкімдіктенмін деп хабарласады. Басыңа бәле келе жатыр, көмектесеміз деп, алдын алу үшін телефоныңа келген құпия цифрды айтып, алдауы мүмкін. Егер құпия мәліметті жайып салсаңыз, алаяқтар банк шотыңызды оп-оңай иемденіп кетеді.
ДІНИСЛАМ ӘЛЖАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ
– «Алаяқтық құрбандарына қатысты талдау жүргізгенде алданатындардың басым бөлігі 40 жастан асқан азаматтар екенін анықтадық. Көбіне жастар алдана бермейді, өйткені олар ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген.» «Әрбір учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, прокуратура жұмысты үйлестіріп, үй-үйді араладық. 40 жастан асқан азаматтарға алаяқтардан сақтану жолдарын түсіндірдік. Соның арқасында алаяқтық деректері азайды.»
Алаяқтар көбіне алыс-жақын шет елдерден хабарласады. Оларға алданып, ақшасын жоғалтатындар көп. Мұндайда құқық қорғау органдары шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, жедел жұмыс істейді. Соның арқасында бірнеше алаяқты анықтап, қолды қаржыны қайтара алдық, - дейді прокурор. Жиын барысында заң өкілдері жас буынға осы сынды қауіп-қатер жайын баяндап, сақтану жолдарын түсіндірді.
ШЫНАР ҚАРШЫҒАҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ
– «Көзінде от бар, елге жаны ашитын белсенділерді жинап, «заң мен тәртіп» қағидатын түсіндірдік. Мұндай жиынды өткен аптада да 500 студентке арнап өткізген болатынбыз.» «Балаларға соны түсіндіріп жеткізу басты мақсат.»
Кездесуге студенттік ұйымдардың жетекшілері келген. Олар заң өкілдері айтқан ақпараттарға құлақ түріп, қажет тұстарын жазып отырды. Көкейтесті сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.
САБИНА САҒЫНТАЙ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ СТУДЕНТТІК РЕКТОРЫ
– «Біз лидер болғандықтан осында алған ақпараттарды өз студенттерімізге жеткізуіміз қажет.»
Іс-шара еркін форматта өтті. Студенттер ортақ мүдде жайында пікір білдіріп, тақырыпқа үн қосты. Белсенділік танытып, кері байланыс жасап отырды.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
– «Бізге керегі де осындай аудитория болатын. Келіп, «иә, иә» деп кете беретін емес, керек тұста бірге атқаратын жұмыстарды айта алатын, келесі жастарға оң нәтиже көрсете алатын жастар қажет.»