Шымкентте алғаш рет үстел теннисінен Қазақстан Кубогы өтуде. Еліміздің әр өңірінен келген спортшылар бас жүлде үшін жарысуда. Жүзден жүйрік шыққан спортшылардың ақтық жекпе-жектерін арна тілшісі тамашалап қайтты.


 Турнирге ерлер арасында 10 команда, әйелдер арасында 7 команда, жалпы 150 спортшы қатысты. Елдің үздік спортшылары Қазақстан Кубогы жолындағы тартысты матчтарда бақ сынап, жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі спорттық шоу ұсынды.


АЗАМАТ АЛТАЙ, ТУРНИРДІҢ БАС ТӨРЕШІСІ

Ақтық сайыстар болып жатыр. Ерлер арасында Өскемен қаласы мен Алматы қаласы бірінші орынды сарапқа салып жатыр. Әйелдер арасында Қарағанды мен Алматы қаласы. Үшінші орынды ерлер командасынан Шымкент қаласы, ал әйелдер арасында Түркістан облысы.


Бұл доданың мақсаты — елімізде спортты дамыту, өңірлік командалардың шеберлігін арттыру және жоғары деңгейдегі бәсекелестікті қалыптастыру – дейді ұйымдастырушылар.


 БЕКҰЛАН ЖАМАЛ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

Теннис өте қатты дамып келе жатыр. Осы залдың жұмыс істеп жатқанына 3 жыл. Сол аралықта теннис қарқынды дамуда.


Бұл жарыстың Шымкент қаласында алғаш рет өткізілуі қала инфрақұрылымының өсіп келе жатқанын және үлкен ұлттық деңгейдегі турнирлерді қабылдай алатын әлеуетін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл өңір спортшылары үшін тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге зор мүмкіндік.