Шымкентте тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, Абай ауданының бірнеше шағынауданында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жаңартылды. Аудандағы 50 көшеге жалпы ұзындығы 44 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Атап айтқанда, Самал-2, Самал-3, Ынтымақ-2, Қызылжар, Нұршуақ, Қатын көпір, Солтүстік-Батыс, Асар-2 шағынаудандарында, Қайнарбұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ, Көкбұлақ және Алтынтөбе тұрғын алабтарында жаяу жүргіншілер жолы толық жөнделді. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жол белгілері мен жарықтандыру жүйелері жаңартылды, жолдардың бойы абаттандырылды. Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау, жол қозғалысын реттеу және ауданның инфрақұрылымын жақсарту. Бүгінгі таңда құрылыс толық аяқталып, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы пайдалануға берілді.