Жылыту маусымы басталғалы бері елімізде газдан улану оқиғалары жиілеп, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнуде. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы алдын-алу шараларын бастады. Қызметкерлер әр үйді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жүр.
Үшінші мегаполисте газдан улану жағдайлары жиілеп барады. Соңғы бір ай ішінде улы газдан 80 адам зардап шекті. Сондықтан тұрғындарға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізу басты назарда тұр.
НҰРБОЛАТ ПЕДЕН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
«Даланың температурасы жылы кезде үй мен сырттағы температура арасында айырмашылық аз болғандықтан кейде ыстық ауа ішке өтеді. Іштегі тұрғындар ұйықтап жатқан кезде уланып, арты қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін. Сондықтан осындай қарапайым талаптарды тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз.»
Соңғы жылдары орын алып жатқан қайғылы оқиғаларға байланысты жергілікті билік пен демеушілер арнайы меморандум жасап, үйлерге улы газды анықтайтын датчиктер орнатуды қолға алды. Бұл құрылғылар тұрғын үйдегі улы газдың деңгейін автоматты түрде бақылап, қауіп орын алған сәтте дереу белгі береді.
БЕКСҰЛТАН ИБАДУЛЛА, АБАЙ АУДАНЫ ТЖБ АҒА ИНЖЕНЕРІ
«Әкімшілік тарапынан газ қаққыш құрылғылары орнатылып жатыр. Абай ауданының аймағында 270-ке жуық жағдайы төмен отбасы бар. Сол үйлердің бәріне газ қаққыш құрылғылары орнатылды. Арнайы түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп жатыр.»
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындармен жиын өткізіп, газдан уланудан сақтану туралы түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп отырады. Төтеншеліктер тұрғындардың мұржасын тазалап, сақтық шараларын ұстануға шақырды.
ГҮЛНАРА ХУДАЙҚҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Төтенше жағдай басқармасынан келіп, әр жылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Бастапқыда үйде бес пеш болды. Бөлмені кеңейткеннен кейін жылытатын құбырларды қойдық. Мұнымен танысқан төтеншеліктер ауыстыруды талап етті. Қазір үйде ыстық ауа мен көмірдің иісі жоқ.»
Мамандар мұндай қайғылы оқиғалардың орын алуына тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін елемеуі мен қарапайым сақтық шараларын ұстанбауы себеп болып отырғанын айтады. Ал атқарылып жатқан шаралар арқылы қауіптің алдын аламыз, – дейді төтеншеліктер.