Шымкентте қысқа мерзімді жоспарды құру талаптары мен оны тиімді ұйымдастыру жолдары тақырыбында әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған шараға 260-қа жуық маман қатысты.
Ауқымды шарада білім беру сапасын арттыру жайы мен саладағы өзекті мәселелер талқыға түсті. Қатысушылар қысқа мерзімді жоспардың мазмұндық әрі құрылымды ерекшеліктеріне тоқталып, сабақты тиімді ұйымдастыру стратегиялары жөнінде жан-жақты пікір алмасты.
БИКЕН УМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Департамент тарапынан қысқа мерзімді жоспар бойынша арыз-шағым түсер болса, білім басқармасының әдістемелік орталығы мен «Өрлеу» институты бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыс істейміз. Президенттің жарлығы мен Министрліктің заңнамаларын негізге ала отырып, жиын өткізіп жатырмыз.
Әдістемелік ортада педагогтердің тәжірибесін байытуға бағытталған түрлі ұсыныстар ортаға салынды. Спикерлер сабақтың сапасы мұғалімнің жүйелі жоспарына тікелей байланысты екенін атап өтті.
МЕРУЕРТ МЕДЕТБЕКОВА, «ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӘСІБИ ДАМУ ИНСТИТУТЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қанда да бір мұғалім 45 минуттық сабағына дайындықсыз келер болса, жүздеген оқушының обалына қалмай ма деген сұрақ туындайды. Себебі, әр оқушының физиологиялық, психологиялық ерекшеліктері бар. Ұстаз әр сыныпқа әр түрлі жоспармен келуі мүмкін. Сондықтан да қысқа мерзімді жоспар қажет.
Жиын соңында ұстаздар оқу үдерісін жаңартылған бағдарлама талаптарына сәйкес жүргізу мен қалыптастырушы бағалауды тиімді енгізу бойынша ұсыныстарын жеткізді.