Қала әкімі Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жол құрылысы барысымен және Сәуле шағынауданындағы 35/10 кВ «Оңтүстік» қосалқы станциясын жаңғырту нәтижесімен танысты. Бұл нысан 1983 жылы пайдалануға берілген және қазір Сәуле мен Қазығұрт шағынауданын жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, Асар-2 шағынауданындағы жол құрылысымен танысты. Сондай-ақ қоғамдық көліктегі электронды төлем мен диспетчерлеу жүйесінің операторы – «Avtobys» компаниясының жұмысын көрді.


Қосалқы станцияны жаңарту нәтижесінде шамамен 3 400 абонент сапалы әрі тұрақты электр жүйесіне қол жеткізді. Жаңартылған құрылғылар энергожүйенің сенімділігін арттырып, апатты өшіру қаупін азайтады және тұрғын алаптардың әрі қарай дамуына қажетті қосымша қуат резервін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Қарабастау тұрғын алабы, Елшібек батыр көшесіндегі асфальттау барысын және Момынов көшесіндегі жолайрық құрылысын бақылады. Жол жабындысының сапасын жоғары деңгейде сақтап, барлық технологиялық талаптың орындалуы аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар «Қиял әлемі» технопаркі маңында заңсыз салынған ғимаратты бұзу жұмысын және “Арбат” аумағында мұз айдынын ұйымдастыру барысын тексерді. Аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына қауіпсіздік талаптарының орындалуын және жұмыс толық аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру жөнінде нақты тапсырма берді.


 «Avtobys» жүйесі қоғамдық көлік қозғалысын тәулік бойы бақылап отырады. Автобустардың желіге шығуынан бастап, соңғы рейске дейінгі аралық толық қадағаланады. Жолақы төлеміне бақылауды күшейтіп, тексеріс жүргізетін мамандардың санын арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жолаушылар арасында қоғамдық көлікті пайдалану мәдениеті мен ережесін түсіндіру жұмысын жүйелі түрде жүргізу қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, «Көлік басқару орталығының» жұмысымен танысты. Орталық мамандары барлық бағдаршамды онлайн бақылап, көлік қозғалысын оңтайландырумен айналысады. Қазір қалада 390 бағдаршам нысаны орнатылған, олардың 331-і интеллектуалды көлік жүйесіне қосылған. Жүйе енгізілгеннен бері көлік кептелісі айтарлықтай азайып, қозғалыс уақыты қысқарды. Аралау соңында әуежайдың жаңа терминалы маңындағы абаттандыру және жарықтандыру барысымен танысты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бақылауды күшейтіп, анықталған ескертулерді жоюды тапсырды.