Бір тал кессең, он тал ек. Осы ұранды бетке алған «Республика» партиясы Қаратау ауданы әкімшілігімен бірлесе отырып 250 түп көшет отырғызды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сенбілікке партия мүшелері, әкімдік қызметкерлері және белсенді студенттер қатысты. Игі іс өткен аптада да өтті, келесі апта соңында да жалғасын табады. Басты мақсат – күзгі ағаш егу маусымына қала тұрғындарын тарту және экологиялық мәдениетті арттыру. Қоршаған орта тазалығы мен жасыл желектің көркеюіне үлес қосу.
АЛМАС АБАЕВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Осы көшеге перпендикуляр жатқан 7-ші көшеге 1600 ағаш егілетін болады. Жаздың күні соғылған 12 аллея мен скверге де ағаш егу жұмыстары жүргізіледі.»
Көшет егу шарасына 200-ден аса қала тұрғыны белсене қатысты. Қатарында мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері бар. Көгалдандыру жұмысына атсалысып, олар 250 түп көшет отырғызды. «Республика» партиясының өкілі Асқар Молдабектің айтуынша: «Қоршаған орта тазалығы жалпыға ортақ міндет. Оны күтіп, баптау, одан әрі көркейтуге әр азамат өзіндік үлесін қосуы қажет».
АСҚАР МОЛДАБЕК, «РЕСПУБЛИКА» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Қанша жерден цифрлық жүйе дамығанымен, жайлы өмір мен таза ауа қашан да қажет. Қала тұрғындары шаһардың егесі екенін сезініп, оның көркеюіне үлес қосса екен дейміз.»
Сарапшылардың айтуынша, жасыл желек қоршаған ортаға тазарған оттегі береді. Бұл ауа айналымын жаңартып, зиянды түтіндерден тазартады.