Қала әкімі Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук мырзамен кездесті. Жақында дипломатиялық қызметке тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сенімге, өзара құрмет пен көпжылдық достыққа негізделген жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты атап өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе инвестиция, өнеркәсіп, туризм және мәдени-гуманитарлық байланыс саласындағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударды. Сондай-ақ Шымкент қаласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға корей компанияларын тарту және олардың тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында пікір алмасты.
Бұдан бөлек, Шымкент пен Ульсан қалалары арасында бауырлас қала қарым-қатынасын орнату мүмкіндіктері қарастырылды. Биыл мамыр айында іске қосылған Шымкент – Сеул тікелей әуе бағытының маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл – екі ел арасындағы экономикалық және туристік байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам. Сонымен қатар, бизнес және мәдени ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін береді. Шымкентте жеті мыңнан астам корей этнос өкілдері тұратынын, олардың қаланың дамуына және достықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын да атап өтті. Бұл бағытта Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығы маңызды рөл атқарып, ұлттық дәстүрлерді сақтап, мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытуға атсалысып келеді. Кездесуді қорытындылай келе, екі ел арасындағы аймақтық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстан-Корея қарым-қатынасының дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімді білдірді.