Шымкентте қала ішіндегі қозғалысты жеңілдету, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға барынша қолайлы орта қалыптастыру — басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта қолға алынған Қонаев даңғылының 2-кезеңі бүгінде толығымен қолданысқа берілді.


Бұл кезеңнің құрылысы Әйтеке би көшесінен Терешкова көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Шаһардағы стратегиялық маңызы жоғары бағыттың жалғасы қаладағы көлік жүйесін дамытуда елеулі орын алады. Даңғыл 4 жолақты болып салынды. Жоба шеңберінде қозғалыс қауіпсіздігі мен жолаушылар ыңғайлылығы басты назарға алынды. Құрылыс толық аяқталып, аумақты абаттандыру кезеңі де аяқталды. Қазіргі таңда жол бойы көгалдандырылды. Қажет жол таңбалары сызылды. Көше жарықшамдары орнатылып, толық іске қосылды. Қаланың реңін айшықтайтын жарықтандырылған Шымкенттің символы — қызғалдақ туннель астына орнатылды. Мамандардың айтуынша, даңғылдың бұл бөлігі қаладағы негізгі бағыттардың біріндегі қозғалысты едәуір жеңілдетіп, орталық маңындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.


ТҰРАНДАҒЫ КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛУДА


Сондай-ақ, Тұран ауданындағы көп қабатты үйлердің аулаларында қосымша жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету. Тиісті жұмыстың нәтижесінде аула аумақтарына барлығы 238 жаңа жарық шамы орнатылды. Бұл жарық шамдары тұрғындардың кешкі уақытта еркін жүріп-тұруына жағдай жасап, балалардың ойын алаңдарындағы қауіпсіздігін арттыруға, жалпы ауданның көркі мен қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға сеп болады.