Екінші дүниежүзілік соғыста қан кешіп, ерлігі елеусіз кеткен жандар көп. Тұтқынға түсіп, жапа шегіп, тарихта ізі қалмаған жауынгерлер қаншама. Есімі ескерусіз қалған майдангерлердің аты-жөні «Батырлар арамызда» атты ғылыми-зерттеу жоба байқауында аталды. Тақырыпты тілші тарқатады.


 Бұл байқау Шымкент қаласының жалпы орта білім беру ұйымдарының 8–10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған. Жас ғалымдар жарысы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылып отыр. Балғын зерттеушілер қаладағы №150 мектепте бас қосты. Жобаға «Күрең тұлпар» қоғамдық бірлестігі мұрындық болған.


 ЖАНДОС ҚАМБАРБЕКОВ, «КҮРЕҢ ТҰЛПАР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖОБА ҮЙЛЕСТІРУШІСІ

 «Барлық мектептерге хабарландыру берілді. 9–10 сыныптар арасында 100-ден астам өтініш келіп түсті. Сол жобаларды әділқазылар алқасы саралап, 30 жұмысты қорғауға лайық деп тапты. Сол 30 жұмыстың ішінен жүлдегерлерді анықтаймыз.»


Мадина Базарбай ғылыми еңбегін әскери тұтқындарға арнаған. Жау қолына түсіп, жапа шеккендердің тағдырын жазған. Оңтүстік аймағынан әскерге аттанғандардың ауыр жолын зерттеп, соғыстан кейінгі еңбегін дәріптеген.


МАДИНА БАЗАРБАЙ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ҮШ ТІЛДЕ ОҚЫТАТЫН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

«Оларды Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары емес, қаһармандарымыз деп таныту керек. Кеңес одағы кезіндегі олардың әрекеттерін және елге сіңірген еңбектерін атап өттім. Өлкетану музейіне барып, архив деректерін ақтардым.»


«Батырлар арамызда» атты ғылыми-зерттеу жоба байқауының жүлдегерлеріне «Күрең тұлпар» қоғамдық бірлестігі атынан алғыс хаттар табысталды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық берілді. Жобаның басты мақсаты – еңбегі ескерусіз, есімі еленбей қалған майдангерлерді елге таныту, олардың ерлігін ұрпаққа насихаттау.