Бүгін Түркістанда Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымовты еске алуға арналған XXIX халықаралық турнир салтанатты түрде ашылды. Байрақты бәсекеге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және Қазақстанның түрлі өңірінен келген 420-ға жуық балуан қатысуда.
Сабыр Рақымов атындағы дәстүрлі турнир жас спортшылар үшін үлкен мектеп, тәжірибе алаңы іспетті. Мұнда балуандар тек күш сынасып қана қоймай, нағыз спорт рухын сезінеді. Сайыстың ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров сөз сөйлеп, қатысушылар мен қонақтарды атаулы шараның басталуымен құттықтады. Үш күнге созылатын турнирде төрешілер кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайды.
МАРАТ КЕРІМБАЕВ, БАС ТӨРЕШІ
Сабыр Рақымов турнирінің деңгейі жыл санап көтеріліп келе жатыр.Өйткені, биыл жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды өзге де мемлекеттерден келген спортшылар қатысуда.Әрине, бұл бізді қуантады.
Турнир барысында қатысушылар 11 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасады. Айтулы шараны Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірлесе ұйымдастырды.
МҰХАМЕДЖАН ОРЫНБАСАР, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Қазір екінші белдесуде ұтып шықтым.Алдағы мақсатым-осы жарыста жеңімпаз атанып, Қазақстанның чемпионы атану.
Сабыр Рақымов есімі – ел рухының биік символы. Батырдың ерлік жолын ұрпақ жадында жаңғыртқан бұл турнир – жас балуандар үшін тек жарыс емес, ұлт намысы мен ерлік дәстүрінің жалғасы.