Шымкентте отбасы құндылықтарын дәріптеп, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтатын жоба жүзеге асты. Абай аудандық әкімдігі ұйымдастырған «Әкеге хат» байқауына қаладағы мектептердің 8–11-сынып оқушылары қатысып, бақ сынады.
Жобаның мақсаты - отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы өзара сүйіспеншілік пен сенімді нығайту, әкеге деген құрмет пен ізетті арттыру. Сонымен қатар, бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өз сезімдері мен ойларын еркін әрі әсерлі жеткізуге бағытталған. Байқауға ауданның 8–11-сынып аралығындағы 108 оқушы қатысып, өз әкелеріне арналған жүрекжарды хаттарын шығармашылық тұрғыда ұсынды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде – ноутбук (100 000 теңге), І орын – планшет, ІІ орын – ұялы телефон, ІІІ орын – теледидар. Сонымен қатар, 10 белсенді қатысушыға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Аталған шараға «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Алдағы уақытта аталған авторлық жобаның «Анаға хат» нұсқасын ауқымды форматта жүзеге асыру жоспарланып отыр.