Келес ауданының орталығы - Абай ауылында «Тегін көшет ал да, өз ағашыңды отырғыз» атты күзгі ағаш егу акциясы өтті. Экоакцияға аудан әкімдігінің қызметкерлері, ардагерлер, кәсіпкерлер, тазалық қызметкерлері және еріктілер қатысты.
Шараның басты мақсаты - аудан аумағын көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Игі бастамаға қатысқан аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл игі бастама ауданымызда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары азаматтарымызды тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ауданымыздың әрбір тұрғыны осындай шараларға қатысу арқылы өз қоғамына, өз отбасына және табиғатқа жанашырлық танытуы тиіс. Бұл шара тек бір күндік жоба емес, дәстүрге айналуы қажет. Сондықтан да аймақтағы барша тұрғындарды тазалық шараларына белсене қатысуға шақырамын.
Ағаш егу жұмыстарына 10-ға жуық техника жұмылдырылды. Белгіленген жоспар бойынша күз мезгілінде ауданда 25 мыңнан астам көшет отырғызу көзделген. Көшеттер Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесіне қарасты тұқымбақтан жеткізілуде. Сондай-ақ барлық ағаштардың маңы суару жүйелерімен толық қамтылған.
ЛЕСБЕК НҰРТАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Тазалық өзімізден басталады. Мына жастарға қоршаған ортаны таза ұстауды үйретуіміз керек. Ағаш отырғызып жатырмыз - бұның бәрі жастарға үлгі.
Экоакция аясында жастар «Таза табиғат - таза болашақ» ұранымен флешмоб ұйымдастырды. Сонымен қатар «Бірлік - ел тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.