Қыркүйек айында «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алған болатын. Жалпыхалықтық байқауға 66 мың шымкенттік тіркелген. Енді олар алты ай бойы ұсынылған 15 кітапты оқып тауысып, мән-мазмұнын талдайды. Жеңімпаздарға үлестірілетін жалпы жүлде қоры - 40 млн теңге.


Жобаға қоғам мүшелерін түгел тарту көзделген. Отбасылық формат, оқушылар, колледж білім алушылары, университет студенттері, мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдер түрлі санатқа жіктеліп, өзара сынға түседі. Жас ерекшелігіне қарай ұсынылатын кітаптардың да мазмұны әр алуан. Оқушыларға балалар әдебиеті ұсынылса, ересектер қалың кітаптарды оқиды. Қатысушылар таңдаған кітаптарын қаншалықты ұғынғанын викториналық сауал-жауап пен пікірсайыста дәлелдейді.


ЖОБА АЛТЫ БАҒЫТТЫ ҚАМТИДЫ:

 • «Кітап оқитын мектеп» – оқушылар арасындағы байқау;

 • «Кітап оқитын колледж» – студенттер арасындағы пікірсайыс;

 • «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындары арасындағы зияткерлік дода;

 • «Кітап оқитын педагог» – ұстаздарға арналған сайыс;

 • «Кітап оқитын әулет» – отбасылық форматтағы жарыс;

 • «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» – қоғам алдындағы тұлғалардың рухани дамуын қолдауға бағытталған жоба.


 АҚАН БЕСБАЕВ, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ КЕҢСЕ ЖЕТЕКШІСІ

– «Отбасымызда, қарапайым өмір тіршілігімізде тамақ пен су қаншалықты қажет болса, кітап та сондай құндылыққа, қажеттілікке айналса екен деген ниеттеміз.» «Ал енді кітаптар бойынша әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінен таңдаулы туындылар ұсынылған.» 


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Міне, мынау Стефан Цвейгтің «Амок» шығармасы. Ал экрандағы — оның желісі негізінде түсірілген кинотуынды. Егер мен кітапты шетке ысырып, фильм тамашалайтын болсам, онда уақыттан ұтамын. Шамамен алты сағат оқылатын кітап мазмұнын маған 1,5 сағаттық фильм түсіндіріп бере алады. Бірақ ғалымдардың зерттеуінше, фильм тамашалағанда ми белсенділігі бәсеңдеп, дайын асқа тік қасық боласың. Ал кітап оқығанда адам теңіздің тебіренісін, жауыз кейіпкердің сұрықсыз келбетін, жазық даланың көркем көрінісін өзі елестетіп, оқиға желісін құрастырады. Яғни, мұнда режиссер де, оператор да, актер де — өзіңіз. Ми белсенділігі артып, есте сақтау қабілеті еселенеді.


Жоба орыс және қазақ тілдерінде қатар жүреді. Әр санат бойынша ауылдық, аудандық және қалалық іріктеу сайыстары өтеді. Қатысушылар оқыған әр туынды жайында пікір жазып, әлеуметтік желіге жариялайды. Мұндағы мақсат — кітап оқуды үрдіске айналдырып, тренд ету.


ШОЛПАН АЙТБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

– «Өзінің оқыған кітаптарына арнайы сайтта түсіндірмесін жазып, жариялайтын болады. Соңында сол тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап береді.» 


 Алты айға созылатын байқаудың қорытындысы бойынша әр санат жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орынға - 1 млн теңге, екінші орынға -600 мың теңге, үшінші орынға -400 мың теңге беріледі.