Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында Тұран ауданындағы Айқап шағынауданында салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылыс барысымен танысты. Әкім тұрғын үйлерді су бұру жүйесіне уақытылы қосу және жол жабындысын қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтті. Мердігер ұйымға жұмыстың қарқынын арттырып, инженерлік желілердің сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.


 Бұдан соң қала әкімі «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, ондағы материалдық-техникалық базаның жай-күйін және қолда бар техниканың тиімді пайдаланылу деңгейін бағалады. Аудан әкімдігіне коммуналдық қызметтердің сапалы әрі уақытылы көрсетілуін, сондай-ақ техниканың дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстар қаланы қардан тазалау, тазалық сақтау және абаттандыру шараларына қатысты. Сонымен қатар әкім Тұран шағынауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылыс барысын тексерді. Мұнда қоғамдық көлік аялдамаларын орнату, жол жабындысын қалпына келтіру және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Барлық нысандарды жыл соңына дейін толық аяқтау міндеттелді.


Сапар барысында Ғабит Сыздықбеков Абай ауданындағы әуежайдың екінші ұшу-қону жолағының құрылысымен де танысты. Бұл жоба Шымкент әуежайын халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады. ПСН-80 санатындағы жабыны жоғары жүк көтергіштігі бар әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жаңа ұшу-қону жолағы заманауи бағдарлау және қону жүйелерімен жабдықталады. Бұл, көріну шектеулі жағдайда да, ұшақтардың қауіпсіз қонуына мүмкіндік беріп, әуе қатынасының тұрақтылығы мен сенімділігін арттырады. Осыған орай жауапты тұлғаларға сапа мен халықаралық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қатаң бақылау тапсырылды. Сондай-ақ әкім А-2 айналма жолының (V кезең) қайта жаңарту барысын және «Мұз сарайының» алдындағы ашық мұз алаңының құрылысын тексерді. Бұл нысан қыс мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаппай сырғанау мен таза ауада белсенді демалуға мүмкіндік береді.