Соңғы уақытта елімізде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп, қайғылы деректер елдің қабырғасын қайыстырып отыр. Сол кенеттен келген ажал ата-анасы үміт артқан жасты, әсіресе әлі буыны қатпаған баланы жұлып әкетсе, жан дүниең сең соққандай сансырап қалатыны рас. Қазақстанда жыл басынан бері 190 бала көлік дөңгелегінің астында қалып, қаза тапты. Елді елең еткізген жол апаты неге тыйылмай тұр? Тақырыпты әріптесім Аружан Самидин зерттеп көрді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ

Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырған жүргізуші мен жол қозғалысы ережесін елемейтін жаяу жүргінші көбейді. Екі күннің бірінде күре жолда орын алатын қайғылы оқиғаның салдарынан талай адамның тағдыры үзілді. Қазіргі таңда бұл санақтың басым бөлігін балалар құрап отыр.


Шымкенттік тұрғын Гаухар Әлтеева - үш бүлдіршіннің анасы. Жол апаты жайлы жаңалықтан секем алған соң, балаларын мектепке күн сайын көлігімен апарып, қайта әкелуді әдетке айналдырған. Ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдаған ана жол ережелерін үнемі құлағына құйып, санасына сіңіруге тырысады. Өйткені бір сәттік аңғалдықтың арты орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.


ГАУХАР ӘЛТЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Балалардың мектепке келіп-кетуі қатты толғандырады. Қазір қалада жол апаты оқиғалары көбейіп кетті. Көлік тізгініндегі адамның алдына балалар көбіне жүгіріп шығып жатады. Қызылды тоқтап, жасылда жүру керектігін, жол ережелерін мектепте ғана емес, үйде де айтып отыру керек деп ойлаймын.


Алаңдауға себеп жоқ емес. Қас қағым сәтте жүргізушінің салғырттығының салдарынан бүлдіршіндер өмірімен қош айтысып жатыр. Жақында жантүршігерлік жол апаты Ақтау қаласында тіркелді. Қарсы бетке өтпек болған балаларды байқамаған көлік тізгіндеуші дер кезінде тоқтай алмай, оларды жаншып өтті. Алматы облысында жүргізуші алты жасар баланы қағып, жол жиегіне тайып кеткен. Алматыда да осындай оқиғалар тіркелді. Жиекке лезде жетемін деп ойлаған жеті жасар қыздың демі дөңгелек астында үзілді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ

Өткен аптада дәл осы жерде орын алған жол апаты 6 жасар баланың өмірін жалмады. Оқушы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте қатты жылдамдықпен келе жатқан көліктің астында қалды. Оқиға орнына жедел жәрдем тез жеткенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.


НҰРЛАН ЕРМЕКБАЙ, ШҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖОЛ ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯ ТОБЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ

Полиция департаменті тарапынан түрлі жедел профилактикалық шаралар өткізіліп тұрады. Мәселен, «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз, балалар» сынды шаралар ұйымдастырылады.


 Аталған деректерге білім ордалары да бей-жай қарап отырған жоқ. Қыркүйек айынан бастап мектептерде жол қауіпсіздігі ережесі тереңірек түсіндіріле бастады.


МЕРУЕРТ ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ, Ы. АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ

Жолда жүру ережелері осы жылдан бастап сынып сағаттары мен дүние тану пәндеріне кіріктірілді. Ақ жолақ бойында үнемі мектептің тәртіп сақшылары тұрады. Оқушылар толық түрде үйіне қайтқанға дейін жол бойында қадағалап тұрады.


Асыққан жолаушы мен аңдамаған жүргізуші қауіп келерін қайдан білсін? Білім алушылар қарапайым ережені ескеріп жүргендерін айтады. Түсінбей қайтсін, қызылда тоқтап, жасылда жүруді, ақ жолақта асықпай адымдауды күн сайын үйреніп келеді.


АЙША ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ОҚУШЫ

Біріншіден, жолда біз тек ақ жолақтармен жүру керекпіз. Бағдаршамда жасыл түс жанғанда ғана жүре аламыз. Телефонға қарамай, құлаққап тақпай, қауіпсіздік ережесін сақтау керекпіз.


 Жолды жөндеуге, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіруге болады. Алайда «темір тұлпардың» тізгіндеушілері тәртібін түземей, жүргіншілер өз жауапкершілігін толық түсінбесе, жағдайдың оңға басуы қиын. Себебі, жол ағаттық пен аңғалдықты кешірмейді.