Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Кездесуде тараптар өңірдің индустриялық және ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа өндірістік жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Шетелдік инвестор Түркістан облысында мақта өнімдерін терең өңдейтін заманауи өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытты. Жоба аясында өңделген мақтадан түрлі жіп пен тоқыма бұйымдарын шығару көзделіп отыр. Инвестор өз сөзінде өндірісті іске қосу үшін жергілікті жұмыс күші қажет екенін атап өтті. Оған су үнемдеу технологиясын қолдана отырып, жергілікті шаруалармен бірлесе жұмыс істеу жөнінде ұсыныс берілді. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің толық тізбегін қалыптастырып, өңір экономикасына қосымша серпін бермек. Кездесу барысында инвестор электр қуатымен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Ол өндіріс алаңының тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етілуі жобаның табысты жүзеге асуы үшін маңызды екенін айтты. Өңір басшысы бұл мәселені назарда ұстайтынын және тиісті органдармен бірлесіп шешу бағытында нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту, жобаның техникалық және экономикалық негіздемесін дайындау, сондай-ақ жол картасын бекіту жөнінде уағдаласып, арнайы меморандумға қол қойды. Жоба іске асқан жағдайда өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті шаруалардың табысын арттыруға, экспорттық әлеуетті дамытуға және тоқыма өнеркәсібін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік тумақ.