«Цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдері: ұлттық құндылықтар тұғырындағы тәлімді тәрбие» атты аймақтық форум өтті. Алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ғалымдар мен ұстаздар қатысты. Олар цифрландыру үдерісін сөз етіп, қоғамдағы мән-маңызына тоқталды.


 Алғаш сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аталған форум - заман талабынан туындаған өзекті мәселені талқылауға арналған алаң екенін айтады. Сөзінше, соңғы кездері кең етек жайған жасанды интеллекттің орасан зор пайдасы да, зияны да бар. Қоғам оны пайдаланарда аса сақ болуы қажет. Осылай деген ресми өкіл: «Цифрлық ортада өсіп келе жатқан ұрпақтың ұлттық болмысын, рухани құндылықтарын, адамгершілік негіздерін сақтау - баршаға ортақ міндет», - дейді.


Форумның мақсаты - цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талдау, жасанды интеллект пен тәлімді тәрбиенің үйлесімділігін қамтамасыз ету жолдарын жүйелеу, үздік тәжірибелерді тарату және құзырлы органдарға ұсынымдар беру. Жиында баяндамашылар жасанды интеллекттің ұтымды тұстарына тоқталып, оң мүмкіндіктерін санамалады.


КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

– «Жасанды интеллект климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Бұл дегеніміз — экономиканың түрлі салаларының алға жылжуына ықпал етеді деген сөз.»


 Форумда ұлттық құндылықтар мазмұнындағы ғылыми және оқу-танымдық әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды. Жиын жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланып, ұсыныстар уәкілетті органдарға жолданады.